Тарих

          Ауданның бүгінгі шекарасы, орталығы Қарабұлақ кенті болып, 1967 жылы анықталды. Аудан орталығы – Қарабұлақ кентінің іргетасы 1855 жылы қаланған. 2000 жылғы 27 мамыр күні Елбасының Жарлығымен 73 жыл үзілістен кейін Ескелді баба есімі ауданға қайта беріліп, өзінің тарихи атауын түпкілікті тапты.

          Ескелді ауданы әулиелер мен батырлардың мекені. Бұл топырақтан бабаларымыз: Ескелді би, Балпық әулие, Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергенов, 2 Кеңес Одағының Батыры: Матай Байысов, Константин Шестаков және 33 Социалистік Еңбек Ері  шыққан. Ауданның 21315 азаматы Ұлы Отан соғысына қатысып, ел намысын қорғады, 5240 боздақ қанды соғыс даласынан оралмай, Отан үшін жандарын пида етті.

         Қазақ елі тарихынан ойып орын алған дарынды бабамыздың атындағы, барша Жетісулықтардың ортақ мақтанышы Ескелді ауданынан  шыққан : 1 Академик- Еділ Ерғожин, 10 ғылым докторлары, 42 ғылым кандидаттары еліміздің қуатын арттырып, оның басқа мемлекеттермен терезесі тең ел болуына өз үлестерін қосуда.

           Аудан аумағында 33 елді мекендер бар, олар 1 кенттік және 10 ауылдық округтерге біріктірілген. Аудан халқының саны – 50 мың. Ауданды 20-дан астам  ұлттар мен ұлыстардың өкілдері мекендейді. Аудан негізінен ауылшаруашылық өнімдерін өндірумен айналысады. Жер көлемі 4,3 мың шаршы километрді алып жатыр.

Ескелді ауданы өндіріс аймағы кеңейіп, сәулетіне сәулет қосылып, өркениеттің жаңа жолында жан-жақты дамып келеді.  «Өнерін сыйлаған өрге шығады, дәстүрін сыйлаған төрге өтеді» деп дана халқымыз айтқандай, жер жаннаты Жетісудың інжу маржаны, қара қылды қақ жарған, от ауызды, орақ тілді билеріміздің туған мекені – Ескелді ауданының мәртебесі биік, жаңғырған, жаңа өңір болуына мәдениет және өнер саласы өз үлесін қосып жатыр.
Адамзат тарихының күретамыры – мәдениет, ал мәдениеттің күретамыры – адамзаттың ақыл-ойы мен іс-әрекетін дүниеге әкелген материалдық құндылықтар болып табылады. Бұл бәрімізге белгілі ақиқат. Қай халықтың болмасын өзге жұртқа ұқсамайтын бөлек болмыс-бітімін даралап, өзіндік тағдырын айқындайтын басты белгі – мәдениеті. Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп тек өзінің ұлттық төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады.
Алты алашқа есімдері мәлім Қабан жырау, Бақтыбай Жолбарысұлы, Төребай Есқожаұлы, Темірғали Рүстембеков, берісі Ғали Орманов, Сайын Мұратбеков, Жұматай Жақыпбаев  сияқты «бір кесек дара тұлғалар» қашанда елдің, жердің көркі болып, өткен өмірдің дәстүрі мен өнерін бағалап осы күнге үзбей алып келсе, бүгін де көптеген талантты жастар  «дарияның орны құрғамайды» – дегендей осы игі дәстүрді жалғастыра түсуде.
Кейінгі жылдар ішінде мәдени мекемелер саны ұлғайып, ауданымызда өнерпаздар ұжымы көбейіп келеді. Осындай шаралардың нәтижесінде «Мұрагер» халықтық атағы бар фольклорлық-энтнографиялық ансамблі, аудандық «Әжелер» ансамблі, аудандық ардагерлер хоры, «Зори Семиречья» ансамблі, «Наз» бишілер тобы ұжымдары бар. Алдымызда тұрған ең бір маңызды мәселе – «Мәдени мұра» бағдарламасын жалғастыра беру, төл мұрамызды бағалай отырып, Ескелді ауданының мәдени мұрасын жан-жақты дамыту.